Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде белгілі суретші Алмас Нұрғожаевтың «Өткел» атты көрмесі ашылды. Тынымсыз ізденісінен танбай, өзіндік дара қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Алмас жаңа көрмесін ұстазы Игілік Құлбаевтың рухына арнаған. Экспозицияда мазмұны жағынан мағыналас жаңа жеті триптих топтастырылған.
Екатерина Резникова Алмастың әр жұмысына жеке тоқтала тұрып, суретші қиялынан туған экспозиция сюжеттеріндегі абстракция мен бейненің мазмұнын тарқатты. Бұл сюжет жеті көлемді триптихтен құралған. Олардың бесеуінде түпсана ойынына ұқсайтын сұйық және өткір формалар комбинациясы, әсіресе қорқынышты түстер мен қиялды еске түсіретін тұрақсыз бейнелер басым. Адамның бейнесі бұл жерде тек көрінер-көрінбес бейнеленген. Ілгектері бар саусақтар және қозғалатын тізе-шынтағы бар антропоморф көріністер, сұр-сары түсті пішінді мазасыз құбыжық бейнелері мен пішіндері үрей туғызады. Суреттер өткір, сергек әрі мәнерлі болып көрінеді.
Қиял әлеміне енетін бес триптихтің қос қапталында ерекше туындылар орналасқан. Іші бос текше тәрізді лабиринттер панельді тұрғын үйлерді немесе Малевичтің қиялдарын еске түсіреді. Бір триптих – бір күннің аяқталып, қара-ақ-сұр түсті бұлыңғыр басқа әлемге енгенін көрсетеді. Одан кейін екі жыл бойы пандемия жағдайында өмір сүрген автордың өзінің және ортасының басынан кешкен үрей мен драмаға толы сезімдері күшейіп, кейде әлсірегені бейнеленген. Ал басқа триптихтерде әлем қайтадан өз қалпына келіп, «ғажайып әрі қаһарлы әлем» қызыл-сары-ақ түске енеді.
Суретші қиындыққа қарамастан, түпсанадағы көріністерді бейнелеу, «қас қағым сәттерді тоқтату» сияқты шеберлікті өзіне міндет етіп қойған сияқты. Ол метафизикалық және философиялық проблемаларға мән берген. Бұл жерде болып жатқан оқиғадан гөрі, адамның қайғысы, өмірдің жұмбағы, айналадағы құбыластардың беймәлім болуы туралы рухани мәнге ие мазмұн байқалады. Адамның ішкі күйінің тұрақсыздығы мен құбылмалылығы туындының «Өткел» деген атауға сұранып тұрғанын көрсетеді. Бұл – кеңістіктегі топографиялық қозғалыс қана емес, сонымен қатар үміттенуге құқық беретін белгісіздік шекарасы. Суретші шеберлігіндегі алып-ұшқан құштарлыққа, сезімнің күшіне, бейнелеу қарқынына, еркіндікке қарап, өз ісіне берілген мұндай мықты тұлға біздің өнер кеңістігімізде көптен бері болмаған десек, артық емес.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ


